Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы

Нашар көретіндерге арналған нұсқа

Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы

Уәлиханов ауданы бойынша 18-29 жастағы жұмыссыз жастар тiзiмi

Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк хатшысының 2012 жылғы 18 мамырдағы № 2 өкiмiмен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XIX сессиясында берген тапсырмаларын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарының 16-тармағын орындау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДI:

1. Қоса берiлiп отырған «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасы мақұлдансын.

2. Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрлiгi мүдделi орталық және жергiлiктi мемлекеттiк органдармен бiрлесiп, бiр ай мерзiмде «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасын iске асыру жөнiндегi iс-шаралар жоспарын әзiрлесiн және оны Қазақстан Республикасының Үкiметiне бекiтуге енгiзсiн.

3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
С. Ахметов

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
2013 жылғы 27 ақпандағы
№ 191 қаулысымен
мақұлданған

«Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасы

Мазмұны

Кiрiспе

1-бөлiм. Мемлекеттiк жастар саясатын дамыту пайымы

2-бөлiм. Мемлекеттiк жастар саясатын дамытудың негiзгi қағидаттары мен жалпы тәсiлдерi

3-бөлiм. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» Қазақстан Республикасы мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасын iске асыру көзделетiн нормативтiк құқықтық актiлердiң тiзбесi

Кiрiспе

Қазақстандықтар — жасампаз және жас ұлт: республиканың әрбiр екiншi тұрғыны 30 жасқа толмаған жастар. Қазақстанның болашағы Қазақстан жастарының даму деңгейiмен, олардың қоғамға ықпалдасуымен байланысты, болашақтың негiзi бүгiн қаланады.

Жастар саясатының басымдықтары Қазақстан Республикасының Президентi — Елбасы Н.Ә. Назарбаев бастама жасаған «Қазақстан–2050» стратегиясының түйiндi мақсаттарының бiрi болып табылады.

Бүгiнде елiмiз өзiнiң алдына әлеуметтiк жаңғыру, үдемелi инновациялық индустрияландыру және экономикалық ықпалдасу бойынша жаңа ауқымды мiндеттер қояды. Тәуелсiздiктiң 20 жылындағы жетiстiктердi бекiте отырып, Қазақстан XXI ғасырдың үшiншi он жылдығында әлемнiң дамыған 30 мемлекетiнiң қатарына кiруге ниет бiлдiредi.

Бұл жағдайларда аға буынның жасампаз iстерiн жалғастыруға, ұлттық бәсекелестiкке қабiлеттiлiктiң деңгейiн одан әрi жоғарылатуға, Қазақстанның XXI ғасырда гүлденуi мен әлемдiк танылуын қамтамасыз етуге тиiс жастарға үлкен үмiт пен жауапкершiлiк жүктеледi.

Мұндай миссия кәсiптiк бiлiмi, денi сау әрi адамгершiлiгi мол, бәсекеге қабiлеттi, патриот және әлеуметтiк тұрғыдан жауапты жастардың ғана қолынан келедi. Осыған байланысты мемлекеттiң басым мiндетi мемлекеттiк жастар саясатын уақыт талаптарына сай бейiмдеу арқылы жастарды Қазақстанның бәсекеге қабiлеттiлiгiнiң маңызды факторына айналдыру.

Мемлекеттiк жастар саясаты

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап жас ұрпақтың ойдағыдай әлеуметтенуi мемлекет назарында болды және қала бередi.

1994 жылы Қазақстан Бала құқықтары туралы конвенцияны ратификациялады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1999 жылғы 28 тамыздағы өкiмiмен Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясатының тұжырымдамасы мақұлданды. Кейiннен аталған құжатты Үкiмет қабылдаған соң 2001 жылдан бастап бiрқатар бағдарламалар, оның iшiнде «Қазақстан жастары», «Жастар саясатының 2003–2004 жылдарға арналған бағдарламасы», «Жастар саясатының 2005–2007 жылдарға арналған бағдарламасы», сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарын патриоттық тәрбиелеудiң 2006–2008 жылдарға арналған бағдарламасы iске асырылды.

Аталған бағдарламалардың бәрi жастардың бiлiм, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтiк құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетiн дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендiру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшiн жағдай жасауға бағытталған.

«Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы» 2004 жылғы 7 шiлдедегi Қазақстан Республикасы Заңының қабылдануы жастар саясатын одан әрi iске асырудың институционалдық негiзiне айналды. 2010 жылдан бастап жастар саясаты Бiлiм берудi дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасының шеңберiнде iске асырылуда.

2008 жылы «Нұр-Отан» халықтық-демократиялық партиясының (бұдан әрi — «Нұр-Отан» ХДП) «Жас Отан» Жастар қанаты I съезiнiң қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан Жастар саясаты жөнiндегi кеңес құрылды.

Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде жастар ұйымдарының бастамаларын қолдау мемлекеттiк жастар саясатының басым бағыттарының бiрi болып табылды, өткен 7 жылда оның көлемi 10 еседен астам өстi.

Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң құрылымынан Жастар iсi комитетi мен Астана, Алматы қалаларының және облыстардың жастар саясаты мәселелерi бойынша басқармаларының құрылуы мемлекет пен жастардың өзара iс-қимыл жасау процестерiн жетiлдiрудiң келесi кезеңiне айналды.

Жалпы алғанда, қазiргi уақытта әлеуметтiк-экономикалық жағдайларды жақсартуға, болашақ ұрпақтың қалыптасуы мен жан-жақты дамуына тек арнайы жастар бағдарламалары ғана емес, бүгiнде елiмiзде iске асырылып жатқан бiлiм берудi, денсаулық сақтауды, тiлдердi дамытудың, үдемелi индустриялық-инновациялық дамудың ауқымды мемлекеттiк бағдарламалары; «100 мектеп, 100 аурухана», «Балапан», «Жұмыспен қамту–2020», «Бизнестiң жол картасы–2020», «Қолжетiмдi тұрғын үй–2020» бағдарламалары бағытталған.

Демографиялық ахуал

Ел тұрғындарының 26%-дан астамын 14–29 жас аралығындағы Қазақстан жастары құрайды. 2012 жылы олардың саны 4,4 млн. адамға жақындады.

Облыс, сондай-ақ республикалық маңызы бар қала тұрғындарының жалпы санынан жастардың ең қомақты үлес салмағы Астана және Алматы қалаларына, сондай-ақ Ақтөбе облысына тиесiлi, мұнда 14–29 жас аралығындағы жастар 29%-ды құрайды.

Тұрғындардың жалпы санынан жастардың ең аз үлес салмағы Солтүстiк Қазақстан облысына — 22%, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарына — 24% келедi.

Қазақстан жастарына бiлiм деңгейiнiң жоғары болуы тән. Жоғары бiлiмi бар жастардың саны соңғы онжылдықта 3 есе, арнаулы орта бiлiмi бар жастардың саны 2 есе дерлiк өстi. Жоғары бiлiмi бар ауыл жастарының саны 6 есе, қала жастарының саны 4 есе өстi. Тұтастай алғанда, Қазақстан жастарының 40%-ының жоғары, аяқталмаған жоғары және арнаулы орта бiлiмi бар.

Жастар ұйымдары

Соңғы онжылдықта елiмiзде олардың саны 7 еседен астам өстi. Қазақстан жастар конгресi (2002) және «Нұр Отан» ХДП жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты (2008) сияқты бұқаралық ұйымдарға жастардың шоғырлану процесi жалғасуда. 2005 жылы «Қазақстан студенттерiнiң альянсы» студент жастардың қоғамдық бiрлестiгi құрылды.

2011 жылдан бастап «Қазақстан жас депутаттарының қауымдастығы», ал республиканың бүкiл өңiрлерiнде — жастар мәслихаттары жұмыс iстейдi. 2011 жылы «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар мен жасөспiрiмдерге арналған жаңа ұйымдар пайда болды, олардың басым мiндетi патриоттық тәрбиелеу болып табылады.

Бiрқатар жастар бағдарламалары мен бастамалары: «Жастар практикасы», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар кадрлық резервi», «Мемлекеттiк қызмет мектебi», «Жастар — Отанға!» iске асырылуда, олар мол қоғамдық оң резонансқа ие.

Жұмыспен қамту

Еңбек және жұмыспен қамту саласында мемлекеттiк жастар саясаты жастарды жұмысқа орналастыру, қоғамдық жұмыстарды дамыту және жастарды кәсiптiк даярлық пен бiлiктiлiктi жоғарылату курстарында оқыту бағдарламаларын iске асыру арқылы жүзеге асырылады.

2011 жылы 15 жастағы және одан үлкен экономикалық белсендi тұрғындардың саны 8,8 млн. адамға жеттi. Жұмыспен қамтылғандар құрылымының (8,3 млн. адам) шамамен үштен бiр бөлiгiн (30,5%) 25–34 жастағы адамдар және 14,5%-ын 15–24 жас аралығындағы жастар құрайды. Жұмыспен қамту құрылымында жалдамалы еңбек қала жастарында 78,3%-ға басым, ауыл жастарында — 40,9%.

Орта мерзiмдi кезеңде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейi (2005 жылдан бастап) 13,4 — 4,6% шегiнде (жұмыссыздықтың жалпы деңгейi 8,1 — 5,4%) болды.

2012 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейi (4,6%) көп жылдардан берi алғаш рет жұмыссыздықтың жалпы деңгейiнен (5,4%) төмендедi. Жастар жұмыссыздығының деңгейi қалаларда жоғары. 2011 жылы ол 5,6%, ал ауылда — 3,8% болды.

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарынан бастап жүргiзiлiп келе жатқан мемлекеттiк жастар саясаты қоғам өмiрiнде тұрақтандырушы рөл атқарды, жастарға көп кездесетiн өмiр ағымының қиындықтарын жеңiлдетуге мүмкiндiк бердi, жастардың әлеуметтенуiне жағдай жасады.

1-бөлiм. Мемлекеттiк жастар саясатын дамыту пайымы

1. Қазiргi жастардың өзектi проблемалары

Қазақстан жастарын әлеуметтендiру мәселелерiндегi қауiптер мен тәуекелдер мемлекеттiк жастар саясатының өзектi күн тәртiбiн қалыптастырады, мемлекеттiк органдардың, корпоративтiк сектордың және азаматтық қоғам институттарының бәрiнiң күш-жiгерi соның айналасына шоғырлануға тиiс.

1. Дәстүрлi құндылықтар жүйесiне жаһанданудың қысымы

Жаһандану процесi экономикалық, әлеуметтiк, саяси және мәдени даму деңгейi әртүрлi мемлекеттердiң ұлттық шекараларын ашады. Жаппай тұтыну мәдениетiнiң қысымымен дәстүрлi құндылықтардың аражiгi жойылып бара жатыр.

Бүгiнде бүкiл әлемде ұлттық мемлекеттер жас ұрпаққа ашық әлем шарттарында қоғамның дамуындағы сабақтастықты сақтап қалуға мүмкiндiк беретiн құндылықтардың сенiмдi жүйесiн ұсынуға мүдделiлiк танытып отыр.

2. Еңбек құндылықтарының доминантты емес дәрежесi

Қазiргi уақытта жастар арасында прагматикалық бағдар күшейiп келе жатыр. Өмiр құндылықтарының қатарында материалдық игiлiктерге ұмтылу анағұрлым маңызды болып отыр. Бұл ретте көбiнесе өмiрдегi жетiстiк, әлеуметтiк жоғары мәртебеге қол жеткiзу өз қабiлетiмен еңбек етумен, алға қойған мақсаттарға қол жеткiзумен, қойылған мақсатқа бiртiндеп жетумен тiкелей байланыстырылмайды.

3. Патернализм және әлеуметтiк инфантилизм

Экономикалық өсу қоғамда әлеуметтiк межелердiң ұлғаюымен қоса жүретiнiн, мемлекетке деген патерналистiк көңiл-күйдiң тарауына және инфантильдi азаматтардың ұрпағын қалыптастыруға ықпал ететiнiн әлемдiк практика көрсетiп отыр. Мұндай құбылыстар Қазақстанда да байқалады. Социологиялық зерттеулер бүгiнде Қазақстан жастарының 58%-ы өз мәселелерiн шешуде мемлекет тарапынан болатын көмекке толықтай сенiм артатынын, бозбалалар мен бойжеткендердiң 92,5%-ы тiкелей қолдауды және жұмысқа орналасуда әлдекiмдердiң қол ұшын беруiн күтетiнiн растап отыр.

4. Тұтынушылыққа құштарлық

Жастардың дүниетанымдық дағдарысының бiр көрiнiсi — жаппай тұтынушы қоғам дағдарысының бiр бөлiгiне айналған тұтынушылыққа құштарлық болып табылады. Жастардың қазiргi өмiр сүру тәсiлiнiң ерекшелiгi болып табылатын тұтынушылық тәжiрибе олардың тек қана материалдық байлыққа ие болуын көздейдi.

5. Жастар арасындағы радикализм қаупi

Өмiрлiк тәжiрибесi мен бiлiмi жоқ жастар өзiнiң саяси мақсаттарын iске асыру үшiн жастарды айналдыратын сыртқы және iшкi ыдыратушы күштердiң ықпалында қалу қаупiне ұшырайды. Экстремистiк көзқарастар мен идеялардың жастар арасына енуi, жастарды құқыққа қарсы әрекеттерге итермелеу қоғамдағы этносаралық, мәдениетаралық және конфессияаралық келiсiмдердi бұзу қаупiн туғызады.

6. Жастар маргинализациясы

Мемлекет атқарып отырған жедел әлеуметтiк жаңғырту жағдайында мiнез-құлқы жалпыға бiрдей қабылданған, қалыптасқан нормалардан көбiнесе ерекшеленетiн, қайта құрудан «артта қалған» әлеуметтiк топтар пайда болады. Әлеуметтiк аутсайдерлердiң немесе маргиналды жастардың пайда болуы қоғамға кiрiгудiң және жаңа әлеуметтiк-экономикалық жағдайларға бейiмделудiң қиындығына байланысты.

Сонымен қатар, жастардың әлеуметтену процесi, оларды қоғамдық-саяси өмiрге жұмылдыру мынадай құндылықтарға негiзделедi:

Патриотизм

«Патриот болу — бұл Қазақстанды өз жүрегiңде ұялату» — Мемлекет басшысы бұл құндылықты осылайша айқындап бердi. Жас қазақстандықтар үшiн Елбасының өмiрi мен еңбек жолы — өз елiнiң патриоты болудың жарқын үлгiсi болып табылады.

Отан өз жерiне, оның тарихына, мәдениетiне, онда тұратын халыққа, мерекелерi мен күнделiктi тiрлiгiне, мемлекеттiк нышандарына деген айрықша тұлғалық қарым-қатынас қалыптасатын отбасыдан басталады.

Жастардың санасына патриотизм — өзiң, отбасың және бiздiң Отанымыз үшiн ұлы жауапкершiлiк екенiн сiңiру ерекше маңызды.

Халық бiрлiгi

Тұрақтылық — Қазақстанның 20 жылдық дамуындағы табысының негiзi және басты нәтижелерiнiң бiрi. Көп этносты және көпконфессиялы Қазақстан халқының бiрлiгi — абсолюттiк құндылық және барша ұрпақтың мiндетi — осы құндылықтарды қорғау және елдi көркейту жолында оны дамытып, орнықтыра түсу.

Мәдени саналуандық — бұл адамдарды бөлмейтiн, керiсiнше бiрiктiретiн құндылық. Этникалық алуандыққа негiзделген қазақстандық дүниетаным әлемдiк мәдениет ағынына батып жоғалып кетпеуге тиiс, оны жас ұрпақ бiрегей ұлттық игiлiк ретiнде сақтауы керек.

Жастарды адамгершiлiк жағынан қалыптастыру процесiне әсер ете отырып, мемлекет мәдениеттiң жалпы деңгейiнiң өсуiне, коммуникациялық технологияларды дамытуға назар аударуы тиiс.

Жастардың даму деңгейiнiң үшiншi мыңжылдықтың талаптарына сәйкес болуына қол жеткiзу қажет. Ар-ождан және дiни сенiм еркiндiгiн Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қамтамасыз ету жұмыстың маңызды бағытына айналуға тиiс.

Толеранттылық

Елбасының этносаралық және конфессияаралық келiсiмiнiң теңдессiз үлгiсi жас ұрпақтың толеранттылығын қалыптастырудың, олардың этностық және дiни ерекшелiктердi түсiнiстiкпен қарауының және құрметпен қабылдауының негiзiне айналуы керек. Мәдениеттер, дiндер мен өркениеттер диалогының түйiскен орны, Шығыс пен Батыс арасындағы көпiр болып табылатын елдiң жастары басқаларға қарағанда бейбiтшiлiк пен келiсiм мәдениетiн таратуға мүдделi болуы тиiс.

Заңға мойынұсынушылық

Заңға бағынатын азаматтар ғана демократияны жетiлдiруге және шынайы құқықтық мемлекет құруға қабiлеттi екенi айқын. Заңды бұлжытпай орындау жастардың өмiрлiк дағдыларына айналуы керек. Бұл өсiп келе жатқан буында әсiресе, «ересек» өмiрдiң дағдылары жаңа қалыптаса бастаған кезеңiнде маңызды болып табылады. Құқықтық сананың өсуi, белгiленген тәртiп ережелерi мен қағидаларын құрметтеудi қалыптастыру барлық әлеуметтiк институттардың ерекше назар аударатын нысанасына айналуға тиiс. Заңның беделдi болуы қазақстандық жастардың санасында қазiргi кезеңнiң дамуының базалық құндылығы ретiнде мығым орнығуы қажет.

Бiлiм

Жастардың дәстүрлi құндылықтары — бiлiм мен мансап бiлiм беру жүйесiнiң еңбек нарығына айқын бейiмделудi, анықталған қажеттiлiктер мен технологиялық жаңалықтарды ескере отырып, бiлiм беру мен кәсiптiк даярлау жүйесiнiң экономикалық, әлеуметтiк және кәсiпкерлiк болмысқа сәйкестiгiн қамтамасыз етудi назарға ала отырып, қайта қаралуға тиiс. Жастар арасында ғылымның мәртебесiн арттыру және оларды инновациялық жобаларды әзiрлеуге тарту жастар саясатының негiзгi бағыттарының бiрiне айналуы қажет.

Еңбекқорлық

Жалпыға ортақ еңбек қоғамында жастардың аса маңызды негiзгi құндылықтары жастарды экономикалық-еңбек қызметiне тартуға негiзделген еңбексүйгiштiк пен ерекше еңбек этикасы болуы керек. Осыған байланысты, «Қазақстанның әлеуметтiк жаңғыруы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам», Қазақстан Республикасын үдемелi индустриялық-инновациялық дамытудың мемлекеттiк бағдарламаларын жастарға өздерiн көрсетуге айрықша мүмкiндiк беру үшiн ұсынады.

Жастардың iске жұмыла бiлуiнiң экономикалық құндылығы аса жоғары. Зерттеулерге сәйкес жастардың үштен бiрi жұмыс үшiн елдiң кез келген өңiрiне баруға әзiр. Кез келген жағдайда әлеуметтiк бейiмделуге әзiрлiк, жастардың өз iсiнiң дұрыстығын дәлелдеп беруге табиғи ұмтылысы өсу нүктелерi — Астанада, Алматыда, Шымкентте, Ақтөбеде, Ақтауда iшкi көшi-қон мәселесiн шеше алады.

Инновациялылық, ғылым және инновация

Инновациялық экономикаға өту — қазақстандық жастардың инновациялық мiнез-құлқын қалыптастыру мiндеттерiн өзектi етедi. Жастар өткен күнмен астасқан дүниенiң бәрiне құштар емес. Сондықтан барлық жаңаны айрықша қабылдағыш, өмiрдегi өзгерiстерге бейiмделгiш, мол әлеуетi мен шығармашылық зияткерлiк энергиясы бар және әлеуметтiк белсендi қызметке дайын жастар тәжiрибеге жаңа идеяларды, бастамалар мен технологияларды жылдам ендiретiн жолбасшы. Онымен қазақстандық ғылымның өсуi, әсiресе жаратылыстану, техникалық ғылымдардың өсуi байланысты болуы керек. Жастардың ғылымға бет бұруы — бұл болашаққа айқын жол.

Отбасы

Қазақстанда отбасы әрқашан әлеуметтiң аса маңызды құраушы элементi ретiнде қарастырылып келедi. Ол қоғам болмысының, мемлекеттiң негiзi, адалдық, адамгершiлiк және рухани үйлесiм жүйесiндегi маңызды буын болып табылады.

Қарттар мен балалар ерекше қамқорлыққа бөленуге тиiс, бұл Қазақстан халқында бұрыннан бар қасиет. Өзi және өз жақындары үшiн әлеуметтiк жауапкершiлiк сезiмiн қалыптастыру отбасындағы тәрбиеден бастау ала отырып, жастар саясаты мәселелерiнде негiз болуы қажет. Өмiрдiң құндылығы, қауiпсiздiгi және оны жалғастыру отбасымен тiкелей байланысты.

Денсаулық және спорт

Мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру аясына денсаулық пен спорттың құндылығын насихаттау мәселесi енгiзiлуi тиiс. Өз денсаулығы үшiн ортақ жауапкершiлiк қағидасы, зиянды әдеттерден бас тарту, салауатты өмiр салтын ұстану бұрынғыша маңыздылығы жоғары болып қалады.

Қазақстандағы спорт бүгiнгi әлеуметтiк лифтiлер жүйесiнде анағұрлым үйлесiмдi жұмыс iстейтiн сала болып табылады. Қазақстандық спортшылардың ғаламдық табыстары жiгiттер мен қыздарға өздерiнiң жарқын талантын, ерiк-жiгерiн, мiнезi мен еңбексүйгiштiгiн көрсете отырып, жоғары нәтижелерге, сонымен бiрге даңқ пен құрметке бөлене алатындығын, материалдық игiлiкке де қол жеткiзуге болатындығын көрсетiп бердi.

Спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды дамыту жастар саясатының ерекше басымдығына айналуға тиiс.

Оң мұрат-мақсаттар

Нарық экономикасы мен Қазақстанның индустриядан кейiнгi дамуы жастардың әлеуметтiк-экономикалық мiнез-құлқының жаңа стратегиясын қалыптастыру қажеттiлiгiне себепшi болады. Кәсiптi таңдай бiлу, мансапқа дұрыс жолмен жету, еңбек саласындағы ықпалдастыққа және табысқа жету жастарды әлеуметтендiрудiң маңызды тетiгi ретiнде қарастырылуы қажет.

Сонымен қоса, жастарда меритократия қағидасын («лайықтылар билiгi») ұстануды қалыптастырудың маңызы зор. Заманауи кәсiби мансаптың нышаны деңгейлiк, кәсiби, еңбегiне қарай қызметтiк сатылық өсу болуы керек. Жастар оң идеалдар мен өз талантына, жұмыс iстеу қабiлетi мен жеке жауапкершiлiгiнiң нәтижесiнде табысқа жеткен үздiктерге теңесiп, алға жылжуы тиiс.

Жаңа экологиялық этика

«Жасыл экономиканы» дамыту индустрияландырудың негiзi ретiнде «экологиялық сұрақтардың маңыздылығын арттырады. Жастар жаңа экологиялық этиканы ұстанушылар болуы керек, туған жерi мен оның табиғи байлықтарына жанашырлықпен қарауы тиiс.

2. Тұжырымдаманың мақсаты мен мiндеттерi

Жастарды әлеуметтендiру процесi — бұл жастарды қоғамдық-саяси өмiрге қосудың басты тетiгi. Объективтiлiк тұрғысынан, жас ұрпақтың қоғамның дамуына қатысу мәселесi ел дамуының сапасы мен қарқынын, сипатын көрсетедi.

Жастардың әлеуметтiк-экономикалық және саяси прогрестерге толыққанды ықпалдасуы мемлекеттiң, азаматтық қоғам институттарының және бизнес-қоғамдастықтардың өзара кеңiнен iс-қимыл жасауы негiзiнде қамтамасыз етiледi.

Сонымен бiрге, мемлекет пен қоғам жастарға қолдау көрсете отырып, жастардың өмiрдегi өз орнын табуға деген ұмтылысын төмендететiн шамадан тыс қамқорлықтан арылуға тиiс.

Осылайша, Тұжырымдаманың мақсаты жастардың ойдағыдай әлеуметтенуiне, олардың әлеуетiн елдi одан әрi дамытуға бейiмдеуге бағытталған мемлекеттiк жастар саясатының тиiмдi моделiн қалыптастыру болып табылады.

Алға қойылған мақсатқа қол жеткiзу мынадай мiндеттердi iске асыруды болжайды:

1) қолжетiмдi және сапалы бiлiм берудi қамтамасыз ету;

2) салауатты өмiр салтын қалыптастыру;

3) құқықтық мәдениеттi арттыру және жастар бойында мемлекеттiлiктiң негiз қалаушы құндылықтарына деген құрмет қалыптастыру;

4) жастарды жұмысқа орналастыру үшiн жағдайлар жасау;

5) жастарға арналған қолжетiмдi тұрғын үй жүйесiн дамыту;

6) жастарды мәдени құндылықтарға тарту;

7) жастардың азаматтық және патриоттық сезiмдерiн өздiгiнен дамытуын ынталандыру;

8) жастар ортасында моральдық-рухани сабақтастықты қамтамасыз ету;

9) мемлекеттiк жастар саясатын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету және нормативтiк-құқықтық базаны жетiлдiру;

10) жастарды «Қазақстан–2050» стратегиясын iске асыруға тарту.

3. Iске асыру кезеңдерi және межеленген нәтижелер

Мемлекеттiк жастар саясатын одан әрi дамыту кезең-кезеңiмен былайша жүзеге асырылатын болады:

1) 2013–2015 жылдар аралығындағы кезең.

Тұжырымдаманы iске асыру шеңберiнде орталық мемлекеттiк және жергiлiктi атқарушы органдардың, азаматтық қоғам институттарының және бизнестiң құзыреттi өкiлеттiлiк аймағын нақтылайтын салааралық өзара iс-қимылдың тиiмдi үлгiсi құрылатын болады.

Көрсетiлген мiндетке қол жеткiзу мақсатында барлық деңгейдегi әкiмдiктер жанындағы консультациялық-кеңесшi органдар арқылы мемлекет пен жастардың өзара iс-қимыл жасау әдiстерiн жетiлдiру қажет. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Жастар саясаты жөнiндегi кеңес жастар саясатын тұрақты негiзде жетiлдiруге негiзделген ұсыныстарды әзiрлеу мәселесiнде үйлестiрушi рөлiн арттыруға бағытталған жұмысын жалғастыратын болады.

Жастар саясатының бағдарламаларын iске асыруға Қазақстан Республикасының Кәсiподақтар федерациясы, «Атамекен Одағы» ұлттық экономикалық палатасы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» және жастар ұйымдары жұмылдырылады.

Алдағы кезеңде орталық мемлекеттiк, жергiлiктi атқарушы және өкiлдi органдардың республикалық және өңiрлiк жастар ұйымдарымен өзара iс-қимыл жасауының жобалық тәсiл мен әлеуметтiк нәтижеге қол жеткiзу қағидаттарына негiзделген жаңа схемасы iске асырылады. Орталық және жергiлiктi деңгейлерде жастардың барлық санатын қамтитын орта мерзiмдi болжамды негiзде әлеуметтiк жобаларды iске асыруға мүмкiндiк беретiн әлеуметтiк тапсырысты орналастырудың салалық қағидаты белсендi қолданысқа ие болады. Тұжырымдаманы iске асырудың бiрiншi кезеңiнде жастар саясатының бiрiншi кезектi iс-шаралары әзiрленетiн болады.

Жастарды жұмыспен қамтуға, жұмысқа орналастыруға, қолжетiмдi тұрғын үйге және перспективалы бизнес-идеяларды тәжiрибеде қолдануға бағытталған жобаларға қатысу және өту шарттары дәйектi түрде жетiлдiрiлетiн болады.

Тұжырымдаманы iске асырудың бастапқы кезеңiнде жастармен тұрғылықты жерi, оқуы және жұмысы бойынша мекенжайлық өзара iс-қимыл жасауға бағытталған бiртұтас инфрақұрылымды қалыптастыру бойынша жұмыс басталатын болады.

Тұжырымдаманы жүзеге асыру процесiнде мемлекеттiк жастар саясатындағы мониторингiнiң, талдаудың және реттеудiң жаңа құралдары әзiрленетiн болады.

Барлық мүдделi тараптардың күш-жiгерi жастардың қажеттiлiгiн және жастар арасындағы хал-ахуал, беталыстарын ескеретiн нысаналы ақпараттық сүйемелдеумен қамтамасыз етiледi.

2) 2015–2020 жылдар аралығындағы кезең.

Жастардың мүдделерi мен қажеттiлiктерiн қозғайтын барлық бюджеттiк бағдарламаларды iске асыруды бағалаудың нысаналы индикаторларын енгiзу маңызды шарт болады. Жастар саясаты саласында мемлекеттiк органдар iске асырып жатқан iс-шараларға талдау жүргiзiлiп, оның қорытындысы бойынша мемлекеттiк жастар саясаты саласындағы мiндеттердi iске асыру үшiн нысаналы трансферттер бөлу мүмкiндiгiн қарастыру болжануда.

Жастардың бастамаларын қолдау және оларға мемлекеттiк және ақпараттық қызметтердiң барлық спектрiн көрсету орталықтарын құру туралы мәселе қарастырылатын болады. Ұлттық ерiктiлер желiсi жаппай дамуда.

Тұжырымдаманы ойдағыдай iске асырудың түйiндi шарты бiлiм беру жүйесiнде жастармен өзара iс-қимыл жасау әдiстерiн қайта қарау болып табылады. Барлық жоғары оқу орындарында жас отбасыларға ақыл-кеңес қызметiн ұйымдастыру, отбасы құндылықтарын насихаттау жөнiндегi бағдарламаларды, спорт инфрақұрылымын, соның iшiнде мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк шеңберiнде нысаналы бағдарламаларды iске асыру мүмкiндiгi пысықталады. Барлық оқу орындарының спорт залдарын жаңарту, жалпы дене шынықтыруды және спортты өткiзу стандарттарын қайта қарау мәселелерiн зерделеу болжануда. Студенттiк спорттың ұлттық лигалары жаппай құрылатын болады.

Жастарды кеңiнен әлеуметтендiру процесiне жұмыс берушiлер бiрлестiктерi және кәсiподақ қозғалыстары тартылады. Орта және iрi бизнес кәсiпорындарында кадрлық әлеуеттi қолдау мен дамытудың ұзақ мерзiмдi бағдарламалары, соның iшiнде тұрғын үй, бiлiм беру және сауықтыру бағдарламалары iске асырылатын болады. Еңбек ұжымдарында жастардың әлеуметтiк көңiл-күйiн орнықтыру жөнiндегi бағдарламаларды iске асыратын бизнестi әлеуметтiк-экономикалық ынталандыру шаралары дәйектi түрде қолданылатын болады.

Қазақстан Республикасының Президентi Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша құрылған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жоғары кәсiби әдiстемелiк орталыққа айналып, қызметi әлеуметтiк зерттеулердi әзiрлеуге және iске асыруға, мониторингiге, талдау шолуларын әзiрлеуге және т.б. зерттеулердi iске асыруға бағытталады.

Жастармен атаулы өзара iс-қимылды қамтамасыз ететiн барлық мүдделi тараптар өкiлдерiнiң бiлiктiлiгiн арттыру және оқыту бойынша жүйелi жұмысты бастау мүмкiндiгi зерделенедi.

Осылайша, жастармен өзара iс-қимыл жасаудың барлық тетiктерi тұрақты даму процесiнде болады, бұл ретте орталық деңгейде де, өңiрлiк деңгейде де мемлекеттiк жастар саясатының нормативтiк-құқықтық қамтамасыз етiлуiн жетiлдiру басым бағытқа айналады.

Жас қазақстандықтардың әлеуметтiк-экономикалық жағдайын жақсарту, жастардың бiлiм алуы және кәсiптiк өсуi, олардың қоғамның әлеуметтiк-экономикалық өмiрiне қатысу дәрежесiн ұлғайту Мемлекеттiк жастар саясатының тұжырымдамасын iске асыру нәтижесiне айналуға тиiс.

«Қазақстан–2050» стратегиясының мiндеттерi мен мақсаттарын iске асыруға белсендi қатысу жаһандық бәсекелестiктiң жаңа жағдайларында Қазақстанның қарқынды дамуын қамтамасыз етедi — жастардың жетiстiгi бүкiл ел жетiстiгiнiң берiк кепiлiне айналады.

2-бөлiм. Мемлекеттiк жастар саясатын дамытудың негiзгi қағидаттары мен жалпы тәсiлдерi

1. Жастар саясатын iске асырудың базалық қағидаттары

Жалпы ұлттық, өңiрлiк және жергiлiктi деңгейлерде мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру мынадай қағидаттарға негiзделедi:

1) жастар саясатын әзiрлеу мен iске асыру кешендiлiгi;

2) салааралық өзара iс-қимыл жасау және әлеуметтiк нәтижеге қол жеткiзу үшiн барлық мүдделi тараптардың күш-жiгерi мен ресурстарын жұмылдыру;

3) бiркелкiлiк, атаулы және барлық нысаналы топтарды жаппай қамту;

4) жүйелi басқарушылық шешiмдер қабылдау үшiн жүрiп жатқан үрдiстердiң мониторингi мен диагностикасының озық әдiстерiн енгiзу;

5) iске асырылатын бағдарламаларды нысаналы ақпараттық сүйемелдеу.

2. Жастар саясатын iске асырудың негiзi бағыттары

Қолжетiмдi және сапалы бiлiм берудi қамтамасыз ету

Бiлiм мемлекеттiң экономикалық қорын шешетiн өндiрiстiң түйiндi факторы ретiнде қарастырылады. Басты құзыреттер жүйесiн меңгеруге бағытталған сапалы бiлiм беру, функционалды сауаттылық, кәсiбилiктiң жоғары деңгейi жастарға бәсекеге қабiлеттi болуға және еңбек нарығында қажеттi болуға мүмкiндiк бередi.

Қазақстан «бiлiм-ғылым-инновация» сияқты үштiк басқаратын индустриядан кейiнгi әлемге аяқ басқан бүгiнгi таңда бiлiм мен кәсiпқойлық үшiншi мыңжылдыққа апарар жол болып табылатыны сөзсiз. Осыған байланысты кәсiптiк-техникалық бiлiм беру жүйесi сапалы жаңғыртуды талап етедi, әрi ол нарық қажеттiлiктерi мен әртараптандырылған экономиканы егжей-тегжейлi есепке алуға бағытталуы тиiс.

Осыны ескере отырып:

1) нарықтың қажеттiлiктерiн ескере отырып, кәсiптiк бiлiм берудiң дуальдi жүйесiн одан әрi дамытуды қамтамасыз ету;

2) нарық қажеттiлiктерiн ескере отырып, мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысын орналастыруды техникалық және кәсiптiк бiлiмi бар мамандарды даярлауға қайта бағдарлау;

3) оқыту бағдарламаларын функционалдық сауаттылықты дамытуға және түйiндi құзыреттерге қол жеткiзуге бейiмдеу;

4) логикалық, сындарлы және конструктивтi ойлауды қалыптастыру үшiн оқытудың тиiмдi нысандары мен әдiстерiн енгiзу;

5) нарық қажеттiлiгiн қоса алғанда, бiлiм беру жүйесiн құбылмалы әлеуметтiк-экономикалық конъюнктураға бейiмдеп үздiксiз жетiлдiрудi қамтамасыз ету үшiн жұмысқа орналасуға бағытталған бiлiм беруге және кәсiптiк даярлауға жәрдем көрсету;

6) жастарды ғылымға тартуды қамтамасыз ету;

7) жастар арасында бiлiм беру порталдарын танымал ету;

8) түлектердiң бiлiктiлiгiн өндiрiстiң мүдделерiне барынша жақындатуға мүмкiндiк беретiн жоғары оқу орындарын басқаруға ұлттық және шетелдiк iрi компаниялардың қатысу жүйесiн әзiрлеу, сондай-ақ мемлекеттiк бiлiм беру тапсырысы шеңберiнде университеттердiң материалдық-техникалық базасын жетiлдiру, жоғары оқу орындарының базасында зерттеу орталықтары мен зертханалар құру қажеттiлiгiн зерделеу. Кәсiпкерлер мен iрi бизнесмендер де кәсiптiк бiлiктiлiк жүйесiн құруға қатысуға тиiс;

9) жұртшылыққа, ата-аналарға және бiлiм алушылардың өздерiне бiлiм беру процесiнiң мазмұнына, оқыту сапасына ықпал етуге молырақ мүмкiндiк беру, академиялық еркiндiктi, оның iшiнде бiлiм беру мекемелерiн басқару арқылы дамыту;

10) Қазақстан Республикасының жоғары бiлiм беру жүйесiнде Болон процесiнiң идеяларын iлгерiлету мақсатында студенттердiң өзiн-өзi басқаруының тиiмдiлiгiн арттыру;

11) оқып жатқан жастарға консультациялық көмек көрсету бойынша әлеуметтiк жастар қызметтерiнiң жұмысын жандандыру қажет.

Салауатты өмiр салтын қалыптастыру

Жас қазақстандықтардың денi сау болмаса, экономикалық мiндеттердi шешу мүмкiн емес.

Өз денсаулығы үшiн ынтымақты жауапкершiлiк қағидаты мемлекеттiк жастар саясатының ажырамас бөлiгiне айналуға тиiс.

Профилактикалық iс-шараларды назарға ала отырып, жастар зиянды әдеттерден бас тартуы, салауатты өмiр салтын ұстануға ұмтылуы қажет. Спортпен және дене шынықтырумен айналысу ерекше басымдыққа айналуға тиiс.

«Жастар» және «дене шынықтыру» ұғымдары жас адамның өмiр салтының ажырамас бөлiгiне айналуға тиiс.

Осыны ескере отырып:

1) жастарда профилактикалық iс-шаралар мен екпелердi үнемi алып отыру дағдысын қалыптастыру;

2) салауатты өмiр салты аясында отбасының, бiр топ құрдастарының, оқыту мекемелерiнiң, бұқаралық ақпарат құралдарының, медициналық мекемелердiң және басқа да әрiптестердiң қатысуымен консультациялық қызметтердi қоса алғанда, медициналық көмектiң қолжетiмдiлiгi туралы мәлiметтердi ұсыну бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысын жандандыру;

3) ұрпақты болу денсаулығын сақтау мәселелерi бойынша мәлiметтердiң бiрыңғай ақпараттық дерекқорын құру және жастардың қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету мүмкiндiгiн пысықтау;

4) спорт залдарын жаңарту жөнiндегi және бiлiм беру жүйесi ұйымдарын спорт мүлкiмен жабдықтау жөнiндегi бағдарламаларды кеңейту мәселесiн қарастыру;

5) жаппай спортпен айналысу үшiн спорт объектiлерiнiң қолжетiмдiлiгiн қамтамасыз ету;

6) белсендi өмiр салтын дамыту және патриоттықты нығайту мақсатында жаңа бағыттар әзiрлеп және олардың танымалдылығын арттыруға қол жеткiзе отырып, отандық экологиялық туризмдi насихаттауды енгiзу қажет.

Жастардың құқықтық мәдениетiн арттыру және мемлекеттiлiктiң негiз қалаушы құндылықтарын құрметтеуiн қалыптастыру

Жастар табысты ел аға буынның қамқорлығы ғана емес, бұл — жастардың ертеңгi күнi екенiн анық сезiнуi тиiс.

Жасөспiрiмдер мен бойжеткендердiң санасында мемлекет — жастардың демеушiсi емес, өзiн-өзi дамытуына жағдайлар жасайтын серiк ұғымы берiк орын алуға тиiс.

Жастар тарапынан өзiнiң табанды еңбек етуi, сапалы бiлiм алуы және оны практикада қолдануы, үнемшiлдiгi, болып жатқан процестерге белсендi қатысуы арқылы ғана жеке жетiстiкке және жалпы өркендеуге қол жеткiзуге болатынын түсiнуi маңызды.

Сонымен бiрге, жас азаматтардың құқықтарын және еркiндiктерiн қорғауға кепiлдiк бере отырып, мемлекет құқықтық мәдениеттiң жалпы деңгейiн арттыратын болады және жастар арасында орын алып отырған әлеуметтiк терiс құбылыстарға қарсы әрекет етедi.

Осыны ескере отырып:

1) құқықтық мәдениеттi арттыру бойынша барлық қажеттi шараларды iске асыруды қамтамасыз ету және жастардың құқықтары мен еркiндiктерiн кепiлдiктi қамтамасыз ететiн мемлекетке құрметпен қарайтын жастарды тәрбиелеу;

2) жастар арасында құқықтық нигилизмге қарсы әрекет ету, ұсақ құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушiлiк» стандарттарын енгiзу;

3) кәмелет жасына толмағандар арасында қадағалаусыз қалудың, қылмыстың және басқа да құқық бұзушылықтардың профилактикасына арналған шараларды нақтылап, жетiм балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың, толық емес және тұрмысы нашар отбасы балаларының құқықтықтары мен мүдделерiн қорғау арқылы ювенальды әдiлет жүйесiн жетiлдiру;

4) кәмелет жасына толмаған құқық бұзушылар ретiнде қамауда отырған немесе түрмеде жазасын өтеп жүрген жастарды әлеуметтiк жастар қызметтерiн белсендi тарта отырып оңалтуды, ал қажет болған жағдайда, қоғамға қайта кiрiктiрудi, әсiресе бiлiм беру мекемелерi арқылы қарастыру қажет.

Жастарды жұмыспен қамту үшiн жағдайлар жасау

Мемлекет жастарды жұмысқа орналастыруға және жұмыспен қамтуға жәрдем көрсету жөнiндегi жұмысты жетiлдiредi. Жастардың экономиканы үдемелi инновациялық индустрияландыру, ауыл шаруашылығын жаңғырту, шағын және орта бизнестi дамыту, мемлекеттiк қызмет деңгейiнiң сапасын арттыру жөнiндегi бағдарламаларды iске асыруға қатысуына ерекше назар аударады.

Жастардың ешбiр сегментi мемлекеттiк жұмыспен қамту саясатынан тыс қалмауға тиiс. Мемлекеттiң басты мiндетi — әрбiр жас азаматтың жұмысқа орналасуына көмек көрсету.

Осыны ескере отырып:

1) жұмысқа орналастыру мәселелерi бойынша әлеуеттi мүмкiндiктердi және жастардың қажеттiлiгiн егжей-тегжей зерделеу үшiн диалог алаңдары, виртуалды консультациялық қоғамдастықтардың жұмысы арқылы жастармен керi байланыс жолдарын кеңейту;

2) жастарды кәсiподақтардың қатарына белсендi тартудың тетiктерiн көздеу;

3) мүмкiндiктерi шектеулi жастарды жұмысқа орналастыру үшiн тең мүмкiндiктердi қамтамасыз ету;

4) жас мамандарды жұмысқа алу кезiнде меншiк нысанына қарамастан, ұйымдар мен кәсiпорындардың мүдделiлiгiн арттыру үшiн қосымша ынталандыруды пайдалану, жастарға арналған жұмыс орындарын, оларды кәсiптiк даярлау және қайта даярлау, өндiрiстiк оқыту орындарын құру мүмкiндiгiн қарастыру;

5) жұмыс тәжiрибесi жоқ жас мамандарды жергiлiктi жерлерде оқыту және жетекшiлiк ету жүйесiн құру. Зейнетке шыққан мамандарды қоғамдық негiздерде тарта отырып, сол арқылы өндiрiстiк және технологиялық мәдениеттiң сабақтастығы үшiн жағдай жасай отырып, өндiрiсте тәлiмгерлiк институтын дамыту;

6) мектептерде мамандық таңдау мәселелерiнде жастарға арналған консультациялық қызметтердiң құрылуына көмек көрсету қажет.

Жастарға арналған қолжетiмдi тұрғын үй жүйесiн дамыту

Өз тұрғын үйiнiң бар-жоғы жас отбасылардың ең көкейкестi мәселелерiнiң бiрi болып табылады. Жеке меншiк тұрғын үй — мықты отбасы, жемiстi еңбек жолы, жанға жайлы қолайлылық және адамның өзiндiк дамуының негiзi. Мемлекет ұлттық экономиканың даму деңгейiне және мүмкiндiктерiне сүйене отырып, жастарға тұрғын үй алуға көмек көрсетедi.

Осыны ескере отырып:

1) жас отбасыларға жеңiлдiкпен кредит беруге бағытталған шараларды нақтылау мақсатында тұрғын үй заңнамасын жетiлдiру мәселесiн пысықтау;

2) қалыптасып отырған демографиялық үрдiстерге байланысты жасты ұлғайту жағына қарай тұрғын үй бағдарламаларына қатысуға үмiткер жас отбасылар үшiн шектеулердi қайта қарау мүмкiндiгiн зерделеу;

3) мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiк шеңберiнде студенттiк жатақханалар салу бағдарламаларын кеңейту қажет.

Жастарды мәдени құндылықтарға тарту

Халықтың мәдениетi, тiлi, салт-дәстүрi және әдет-ғұрпы оның ұжымдық өмiрлiк тәжiрибесiн, ерекше ұлттық болмысын қамтып, халықтың мiнез-құлқы мен дүниетанымынан көрiнiс табады.

Жастардың өркендеуi және жаһандануға ұмтылысы шынайы патриоттық сезiммен, өз халқының салт-дәстүрiн және мәдениетiн құрметтеу, этносаралық өзара құрмет және мәдениетаралық өзара баю қағидаттарымен үйлестiрiлуi тиiс.

Жастардың адамгершiлiк тұрғыдан қалыптасу және оларды азаматтық сәйкестендiру процестерiне ықпал ете отырып, мемлекет отандық бұқаралық мәдениет контентiне, тiлдердi, сондай-ақ оларды сақтау мен ұлғайтуға ықпал ететiн коммуникация құралдарын дамытуға ерекше көңiл бөлетiн болады.

Осыны ескере отырып:

1) жас адамдарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге, отбасында тұрақты моральдық-адамгершiлiк жағдай жасауға, егде адамдарға ерекше құрмет көрсетуге, балаларға деген сүйiспеншiлiкке тәрбиелеу;

2) мектепке дейiнгi мекемелерден бастап «үш тiлдiлiктi» белсендi насихаттауды жүргiзу (қазақ, орыс, ағылшын тiлдерi);

3) жастарға әлеуметтiк мәдени тәжiрибенi және алдыңғы ұрпақтың даналығын меңгеруге ықпал ете отырып, халықтың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрiн көпшiлiкке тарату тәсiлдерiн жаңарту;

4) «Бiлiм», «Мәдениет» бiлiм телеарналарында қазақ және ағылшын тiлдерiнде деректi және көркем фильмдердi неғұрлым кеңiнен көрсету мүмкiндiгiн пысықтау;

5) қоғамдағы ақпараттық теңсiздiктi жоюға ықпал ету;

6) жастарды шоғырландыру құралы ретiнде әлеуметтiк желiлердi пайдалану қажет.

Жастардың азаматтық және патриоттық тұрғыдан өзiн-өзi жетiлдiруiн ынталандыру

Қазiргi заманда жастар өзiнiң азаматтық позициясын қалыптастыра отырып, қоғамдық қызмет пен мiнез-құлық дағдыларын меңгере отырып, әлеуметтiк-саяси өмiрдiң басты қатысушыларының бiрi болып табылады. Мемлекеттiк жастар саясатын жүргiзу кезiнде шоғырлану және азаматтық қағидаттарын қалыптастыруға бағдарлану маңызды болып табылады.

Қазiргi қоғамда азаматтық сәйкестендiру процесi — бұл ең алдымен демократиялық құндылықтарды меңгеру, заңды сыйлау, ұлттық мәдениетке қосылу. Осындай процесс нәтижесiнiң идеалы саяси конъюнктура тербелiсiне ұшырамаған, патриотизм мен азаматтық жауапкершiлiктiң ерекше рухы бар кемел азамат болып табылады.

Мемлекет тұжырымдаманы ойдағыдай iске асыру мақсатында жастарды әлеуметтендiрудiң маңызды факторы ретiнде оларды шоғырландыруды қолдайды. Жастардың бастамасына қолдау көрсете отырып, мемлекет Қазақстан жастарын олардың қызығушылықтары мен еркiн таңдау қағидатын есепке ала отырып, қоғамдық бiрлестiктерге шоғырлануына жәрдем көрсететiн болады.

Осыны ескере отырып:

1) жастардың азаматтық бастамасын қолдауға бағытталған жалпы ұлттық, өңiрлiк және жергiлiктi деңгейде мемлекеттiк жастар саясатын нақты салааралық үйлестiрудi қамтамасыз ету;

2) мониторинг пен диагностиканың нақты, әдiл бағдарламасына негiзделген жастар саясатын ғылыми зерттеулермен сүйемелдеу бойынша жүйелi түрде жұмыстар жүргiзу;

3) жастар саясатының инфрақұрылымын дамытудың кешендi тәсiлдерiн қамтамасыз ету;

4) жастар туралы бөлiмдi қосу және жас қазақстандықтардың қажеттiлiгiн есепке ала отырып, мемлекеттiк органдардың жыл сайынғы стратегиялық жоспарын дайындауды жүзеге асыру;

5) жастарды бiрлескен ұжымдық қызметке тартудың әртүрлi институционалдық нысандарын енгiзу;

6) жастар ұсынған жобаларды қаржыландыру және оның шығармашылық және инновациялық әлеуетiн жандандыруға мүмкiндiк беретiн мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыстарды қолдану аясын бағдарлау мүмкiндiгiн зерттеу;

7) үкiметтiк емес ұйымдардың жас репатрианттармен, маргинал жастармен жұмысына қолдау жасай отырып, олардың тарихи отанының жағдайына әлеуметтiк бейiмделiп кету мүмкiндiгiн қолдау;

8) ерiктiлер қозғалысын дамытуға қолдау көрсету;

9) әскери қызметке даярлық бойынша, болашақ отан қорғаушылардың моральдық және дене шынықтыру дайындығы деңгейiн арттыруға назар аудара отырып, мектептерде және колледждерде тәрбие жұмыстарын жүргiзу;

10) әскери қызметтiң мәртебесiн насихаттау, әскери бөлiмшелерде тәрбиелеу жұмысының жаңа үлгiсiн енгiзу қажет.

Жастар ортасында моральдық-рухани бағдарлардың сабақтастығын қамтамасыз ету

Адалдық, мейiрiмдiлiк, әдiлдiк, шыдамдылық сияқты дәстүрлi жалпы адами құндылықтар Қазақстан жастары үшiн басымдыққа айналуға тиiс.

Қазақстан — зайырлы мемлекет, ол дiни бiрлестiктерге жастар мен келешек өскелең ұрпақты тәрбиелеудегi әлеуметтiк әрiптес ретiнде қарайды. Сонымен қатар дiндарлық руханилықпен толықтай теңестiрiлуге тиiс емес. Бұлай болмаса, қоғам секулярлық сипатын жоғалтады, дiни қағидаларға бағына отырып, өзiнiң даму перспективасын тарылтады.

Осыны ескере отырып:

1) жаңа адамгершiлiк бағдарды қалыптастыру: бiлiм мен кәсiпқойлыққа бет алу; денсаулығына деген сындарлы қарым-қатынас; жаңашылдық пен өзгерiстердi дұрыс қабылдау; экологиялық таным; табиғаттың баға жетпес құндылығы және қоршаған ортаның және т.б. ахуалына жауапкершiлiк;

2) Қазақстанның дiни мұрасы бойынша арнайы курс жүргiзу мүмкiндiгiн қарастыру, оның шеңберiнде дiн саласында жастардың сапалы бiлiмiн алуға бағытталған ағартушылық жұмысты жүргiзу қажет.

Ғылыми-зерттеудi қамтамасыз ету және мемлекеттiк жастар саясатының нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiру

Мемлекеттiк жастар саясатын iске асыру саласын ғылыми-зерттеумен қамтамасыз ету инновациялық ғылыми әдiстер мен тәсiлдердi пайдалана отырып, жүйелi негiзде жастар мәселесiн тереңiрек зерделеудi қарастырады. Жастар ортасында ең өзектi мәселелердi шешу жолдарын әзiрлеу үшiн қазiргi заманғы тәсiлдердi қолдана отырып, жастар құқығын iске асыру, тұрақты мониторинг жүргiзудi қамтамасыз ету: әлеуметтiк зерттеулер, бақылау әдiстерi, халықаралық тәжiрибенi және т.б. бейiмдеу қажет.

Қазiргi уақытта жастардың жай-күйiн жан-жақты зерттеу үшiн, сондай-ақ әлеуметтiк мәдени процестердi шынайы пайымдау үшiн алғаш рет «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы құрылды.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жастар арасында әртүрлi зерттеулер жүргiзедi, мемлекеттiк жастар саясаты саласында ғылыми-зерттеу жобалары мен бағдарламаларды дайындауға қатысады, жастар мен қоғамдық жастар ұйымдарын дамытуда оның қызметiн мониторингiлеудi және болжауды жүзеге асырады. Ғылыми зерттеулердiң қорытындылары бойынша жастардың жағдайын жақсарту үшiн және олардың құқықтары мен кепiлдiктерiн, сондай-ақ олардың бар мүмкiндiктерiн ашу үшiн нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзiрленетiн болады. Дайындалған ұсынымдар жастар саясатының нормативтiк құқықтық базасын жетiлдiруге, жаңа заман талаптарын есепке ала отырып, Қазақстанды ұзақ мерзiмдi кезеңге одан әрi дамыту бағытын айқындауға тұрақты негiзде бағытталады.

Сонымен қатар апаттылықты, бiрбеткейлiктi және шалағайлықты болдырмау үшiн мемлекеттiк жастар саясатының нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеу және жетiлдiру кезiнде осы ұсынымдарды ескеру қажет.

Осыны ескере отырып:

1) жастар арасында ең қажеттi тақырыптар бойынша ғылыми зерттеулер тақырыбын кеңейту;

2) жастардың барлық деңгейiнiң және қазiргi заманғы заңнамалардың қажеттiлiгiн және сұрау салуды есепке ала отырып, зерттеудi жүзеге асыру;

3) мемлекеттiк жастар саясатын iске асыруда ғылыми-әдiстемелiк сүйемелдеудi қамтамасыз ету мүмкiндiгiн қарастыру;

4) жастар мәселесiн зерделеу бойынша жас ғалымдар мен сарапшылар пулын қалыптастыру;

5) зерттеулер жүргiзу кезiнде кешендi тәсiлдердi қамтамасыз ету;

6) қоғамдық дамудың өзiндiк бағалау социумы ретiнде жастармен жұмыстың заң шығару бастамасының жаңа ғылыми әдiстерiн енгiзу қажет.

«Қазақстан–2050» Стратегиясын» iске асыруға жастарды тарту

Жастар мемлекет тарапынан болатын қамқорлықтың объектiсi ғана емес, жастар — қоғам өмiрiне қатысушы және оның даму сапасына, қарқынына ықпал ететiн белсендi субъект. Сондықтан да мемлекет жастар ұйымдарының жұмыс iстеу қабiлеттiлiгiн, бiр жағынан, жастардың өзектi проблемаларын шешу және оларда жаңа позитивтi қажеттiлiктердi қалыптастыру, екiншi жағынан, жастардың күш-жiгерiн 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан–2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағдары» стратегиясында ел Президентi, Елбасы Н.Ә. Назарбаев алға қойған мемлекеттiк стратегиялық мiндеттердi шешуге жұмылдырып, бағыттау мүмкiндiгiмен айқындауға мүдделi.

Осыны ескере отырып:

1) жастарға олардың ел үшiн қосқан үлесiнен ел тағдыры шешiлетiнiн түсiндiру — жақсы оқуымен, жұмысқа деген жауапкершiлiгiмен, белсендi қоғамдық ұстанымымен және iстерiмен жастар ел алдында тұрған стратегиялық мақсаттарды iске асыруға өз үлестерiн қосады;

2) жастарды елiмiздiң жаңа бағытының қозғаушы күшi ретiнде, ел мен қоғам бейнесiн өзгертетiн дүниеге прогресивтi көзқарас пен мiнез-құлықты қалыптастырушы ретiнде бейнелеп кескiндеу қажет.

3. Тұжырымдаманы iске асыру құралдары

Осы Тұжырымдаманың ережелерi заңнамалық актiлердi, мемлекеттiк және салалық бағдарламаларды, мемлекеттiк органдардың стратегиялық жоспарларын жетiлдiру арқылы iске асырылатын болады.

3-бөлiм. «Қазақстан 2020: болашаққа жол» қазақстан республикасы

мемлекеттiк жастар саясатының 2020 жылға дейiнгi тұжырымдамасын

iске асыру көзделетiн нормативтiк-құқықтық актiлердiң тiзбесi

Осы Тұжырымдаманың ережелерi мынадай нормативтiк құқықтық актiлердi және құқықтық актiлердi iске асыру арқылы орындалатын болады:

1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;

2) «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк жастар саясаты туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және басқа заңнамалық актiлер;

3) «Қазақстан–2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттiң жаңа саяси бағыты;

4) Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейiнгi Стратегиялық даму жоспары;

5) Қазақстан Республикасында бiлiм берудi дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы;

6) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттiк бағдарламасы;

7) Қазақстан Республикасында дене шынықтыруды және спортты дамытудың 2011–2015 жылдарға арналған бағдарламасы;

8) Жұмыспен қамту–2020 бағдарламасы;

9) «Бизнестiң жол картасы–2020» бағдарламасы;

10) «Өңiрлердi дамыту» бағдарламасы;

11) «Қолжетiмдi тұрғын үй–2020» бағдарламасы;

12) «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылғы дейiнгi «Жастар — Отанға!» стратегиясы;

13) орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың стратегиялық жоспарлары.

Қорытынды ережелер

Қоғамды жаңарту және адами капиталға қойылатын талаптардың өсуi жағдайларында мемлекеттiк жастар саясаты елдi дамыту және қайта жаңарту құралына айналуға тиiс.

Бұл жастардың әлеуметтiк қалыптасу процесiне қатысушылардың бәрiнен жастарды өз проблемалары мен жалпы ұлттық мiндеттердi шешуге тiкелей тартуға бағытталған тәсiлдердi әзiрлеудi және оны дәйектi iске асыруды талап етедi.

Мұндай ауқымдағы мемлекеттiк жастар саясатының мiндетiн жастардың ойдағыдай әлеуметтенуiне, мемлекеттiлiктi дамыту басымдықтарына қол жеткiзуге бағдарланған жобалық тәсiлдi қолдану арқылы ғана шешуге болады. Мұның бәрi, сайып келгенде, жастар мен бүкiл халықтың өзiндiк ұйымдасуы, Қазақстанның алдында тұрған мiндеттердiң ауқымына сай келетiн бастамаларды дамыту — азаматтардың әл-ауқатының өсуi және қоғамдық қатынастарды жетiлдiру үшiн орнықты шарттарды қалыптастырады.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев бiздiң буынның сүйiп оқитын кiтабына айналған «Қазақстан жолы» атты өз еңбегiнде атап айтқандай, «Егер де жастар гуманизмдi, бiлiмдi, жауапкершiлiктi, әдiлдiктi таңдап алса және өзiмшiл болмаса, онда олармен бiрге табыс та iлесiп жүредi».

Қазақстанның жарқын болашағы бар, ол — БIЗДIҢ ЖАСТАРЫМЫЗДЫҢ ҚОЛЫНДА!

Мақаланың шыққан күні: 10.11.2017 16:24

Парақтағы соңғы өзгерістер: 27.03.2019 14:16

СҚО Уәлиханов ауданы әкiмi
Оспанов Медет Дулатұлы

Промышленная Революция 4.0

Маусым 2019
ДсСсСрБсЖмСнЖк
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
Подать резюме

ҚР Әділет министрлігі

Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі Қазақстан Республикасының шекарасынан шығу кезінде кедергілерді болдырмау үшін жеке және заңды тұлғаларға www.adilet.gov.kz сайтында сот актілері бойынша берешегін және Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге шығуға уақытша шектеуін тексеруді ұсынады.

Официальный сайт Президента Республики Казахстан Премьер-министр Казахстана egov.kz Ассамблея народа Казахстана Официальный интернет-ресурс Северо-Казахстанской области IPO ДКБ2020 Алтын сапа Әділет Модернизация пенсионной системы Казконтент Иновационные гранты Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Защита бизнеса СКО Электрондық еңбек биржасы ҚР Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ресми интернет-ресурсы 100 жаңа есім Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіАстана — Ұлы дала елордасы

@2019 Солтүстік Қазақстан облысының Уәлиханов ауданы әкімінің ресми интернет-ресурсы

A- A A+